1 маусым күні жарияланған видеода бомбасы бар квадрокоптерлер жүк көлігінен ұшып жатқаны көрінеді, арғы жағында өрт болып жатыр. Сол күні Украина қауіпсіздік қызметі Ресей аэродромдарына соққы жасағанын, нәтижесінде Кремльдің стратегиялық бомбалаушы ұшақтары жойылғанын мәлімдеді.
Әскери тактика бөлмелерінде бұл видеоларды мұқият зерделеп жатқаны анық.
"Бұл шабуылды бүкіл әлем әскери қызметкерлері дабыл деп қабылдауы қажет" деді Жаңа америкалық қауіпсіздік орталығының Қорғаныс бағдарламасы директоры Стейси Петтиджон (ханым) Азаттық радиосына.
"[1 маусымдағы шабуыл] көптеген қыры бойынша Украинаның ұзаққа ұшатын дрондар шабуылынан тиімді бола шықты. Өйткені шағын дрондар шашырап кетіп, әртүрлі нысандарды көздей алады және үлкен әуе базасындағы түрлі нысанаға дәл соққы жасай алады" деді дрон жөніндегі сарапшы.
"Шабуылдың негізгі тірегі – әуе базаларына жақын жерлерге жасырын жету және операцияны іске асыра білу. Шамасы бұл әуе базалары әлсіз қорғалған болуы керек, өйткені Украина [ішкі Ресейге] мұншалық терең барып шабуыл жасай алады деген қауіп аз болды" деп қосты Петтиджон.
Әзірге дрондар қай жерден басқарылғаны, Ресей ұшағын дәл табу үшін жасанды интеллектіге сүйенген-сүйенбегені анық емес. Украинаның мәлімдеуінше, квадрокоптерлер жасырылған жүк көлігінің төбесі "қашықтан" ашылған.
Радиомен басқарылатын квадрокоптерлер нысанаға жақындаған сәтте байланыстан ажырап жатады. Ал 1 маусымдағы шабуыл кезінде түсірілді деген дрон видеосында видеода ақау байқалмайды. Мұндай үздіксіз кадрлар көбіне кабельмен басқарылатын квадрокоптерлерге тән. Бірақ бұл дрондардың радиусы шектеулі. Ал Украина қолданған жүк көліктері әуе базаларынан бірнеше шақырым жерде тоқтағанын ескерсек, дрондар бұл радиустан асып кеткен көрінеді.
Киев 41 ұшақты жойдық десе, танымал кремльшіл блогер 10 ұшақ жойылды деді.
"Дрондармен күрес технологияларының көбі талшықты-оптикалық кабельдер арқылы басқарылатын дрондарға қарсы қауқарсыз болып қалады. Ресейде болған шабуыл өте күрделі болса да, оны дәл сол күйінде қайталау қиын болса да, әскери мамандар талшықты-оптикалық дрондарды ескеріп, дрондарға қарсы стратегиясын қайта қарауы қажет" дейді Ратгерс университетінің доценті және дрондармен соғыс туралы кітаптың авторы Майкл Бойл.
Әскери әуе базалары көп қырлы жүйемен қорғалған. Әдетте бұл жүйеге қауіп көзін анықтайтын радар, зымыран жүйелері, радиомен басқарылатын дрондарға қарсы байланыс тежейтін құрылғылар кіреді. 1 маусымдағы шабуыл осының бәрін айналып өтіп, бұл жүйеніп тиімсіз етті. Жақын жерден ұшырылған дрондар әдетте радарлар алдын ала хабарлайтын ескертусіз жетіп келді. Оларды топ-тобымен ұшыру мұндай шағын дрондарды атып түсіре алатын қорғаныс жүйелерін қауқарсыз қылды. 1 маусым күні түсірілген видеолардың кейбірінен Ресей әскери қызметкерлері квадрокоптерлерге қолдағы қаруымен оқ жаудырып жатқанын естуге болады.
Австрия әскери академиясының Зерттеу және даму бөлімінің жетекшісі, полковник Маркус Рейснердің сөзінше, Украина шабуылы "болашақ соғысының дәмін сездірген".
Рейснердің айтуынша, соғыс басталғалы Мәскеу Украинаға Ту-22, Ту-160 және Ту-95 стратегиялық бомбалаушы ұшақтарымен шабуылдап келген.
"Жиі-жиі болған бұл шабуылдар кезінде ауыр бомбалаушы ұшақтар қанатты зымырандарын қауіпсіз қашықтықтан, яғни Украина әуе қорғаныс жүйелері радиусынан тыс аумақтан ұшырып тұрды. Сол себепті Украина бұл ауыр бомбалаушы ұшақтарды және маңызды коммуникация орталығы саналатын A-50 ұшағын істен шығаруға бірнеше рет талпыныс жасады" деді ол Азаттыққа.
Сарапшының айтуынша, шабуыл кезінде қанша ұшақ жойылғаны Ресейдің Украинаға қандай жиілікпен шабуылдайтынына әсер етпек. Яғни, көп ұшақ істен шықса, Ресей шабуылы сирейді.
АҚШ арағайындығымен басталған келіссөз аясында Ресей мен Украина делегациясы 2 маусым күні Стамбұлда тағы бір талқы өткізді. Ресей сарапшысы Наталья Шавшукова "Настоящее время" арнасына берген сұхбатында 1 маусымдағы шабуыл "Украинаның келіссөз кезіндегі ықпалын арттырады" деді.
Тәуелсіз сарапшының сөзінше, бұған дейін Ресей бітімге деген жаппай үндеулерге қарамастан Украина қалаларын бомбалап, соғысты аяқтауға құлықсыз екенін көрсету арқылы қалай күш көрсетсе, бұл жолы Украина дәл сондай мінез танытып отыр. Киев өз күшін ішкі Ресейде шебер ойластырылған операцияны іске асыру арқылы көрсетті дейді Шавшукова.
ПІКІРЛЕР