Мәжіліс некеге мәжбүрлеу, сталкинг үшін қылмыстық жауапкершілік қарастыратын түзетулерді мақұлдады

28 мамырда парламенттің төменгі палатасы некеге мәжбүрлеу, сталкинг үшін қылмыстық жауапкершілік қарастыратын түзетулерді қарап, екінші оқылымда мақұлдады.

Депутаттар Қылмыстық кодексті жаңа бап – "Некеге мәжбүрлеу" 125-1 бабымен толықтыруды ұсынды. Бастапқыда жобада қыз алып қашу ұғымы қарастырылса, қазір оның орнына "Некеге мәжбүрлеу" ұғымы қолданылып жүр. Жәбірленуші әйел адам да, ер адам да болуы мүмкін.

Түзетулерге сәйкес, мұндай қылмыс түрін жасағандарға айыппұл, қоғамдық жұмыс, бостандықты шектеу, сонымен бірге 2 жылға дейін бостандықтан айыру жазасы қарастырылған. Ал егер күш қолданылған жағдайда және кәмелетке толмағандарға қатысты қылмыс жасалса немесе топ болып жасалғаны анықталса немесе қызметтік өкілетті пайдаланылғаны дәлелденсе, түрме жазасы 3 жылдан 7 жылға дейін ұлғайтылуы мүмкін. Ұрланған адамды өз ерікпен босату да кінәліні қылмыстық жауапкершіліктен босатпайды.

Ал сталкинг бойынша ең жоғарғы жаза – 50 тәулікке қамау.

"[Сталкинг үшін] Айыппұл қарастырылған және ең жоғарғы жаза 50 тәулікке қамау. Бұл қылмысқа емес, қылмыстық құқық бұзушылыққа қатысты. Оны құқық қорғау органдары дәлелдейді, жәбірленуші арызбен ішкі істер органдарына хабарласса болғаны, содан кейін полиция тергеу жүргізеді" деді мәжіліс депутаты Абзал Құспан.

Былтыр желтоқсанда мәжілісте депутаттар қыз алып қашу мәселесін талқылап, 2023 жылы 13 қызды алып қашқан, 2024 жылғы сегіз айда Түркістан облысында осындай 18 оқиға болған деп айтқан еді.

Қазақстанда қызды еркінен тыс алып қашуға байланысты іс-әрекеттер "Адам ұрлау" бабы бойынша сараланады, ал құқық қорғаушылар мен фем-белсенділер сталкинг деп сипаттайтын іс-әрекеттер бойынша полицияға арыз берілсе, көбіне "ұсақ бұзақылық" ретінде қарастырылады.

Қазақстанда некеге отыру үшін қызды еркінен тыс алып қашқандар мен сталкинг бойынша ресми статистика жүргізілмейді.