2 маусымда Стамбұлда Ресей мен Украина арасындағы келіссөздің кезекті раунды өтті. Бір сағаттан аса уақытқа созылған келіссөзден соң тараптар қандай мәлімдеме жасады?
УКРАИНАНЫҢ МӘЛІМДЕМЕСІ
Украина президенті Владимир Зеленский келіссөзден соң екі тарап Түркия арқылы бір-біріне атысты тоқтату талаптары жазылған меморандумды тапсырған. Сондай-ақ екі тарап тұтқын алмасуға келіскен.
Келіссөзде Киев делегациясын басқарған Украина қорғаныс министрі Рустем Умеровтің айтуынша, Ресей атысты тоқтатуға және екі ел президенттерінің кездесуіне келіспеген.
"Ресей мен Украина тұтқындағы ауыр жараланған және денсаулық жағдайы ауыр, сондай-ақ 25 жасқа толмаған әскерилерді алмасуға келісті" деді ол.
Умеров Украина Ресейдің талаптары жазылған меморандумды қарастырады деп мәлімдеді. Бұған қоса, Киев маусым айының аяғына дейін тағы бір рет келіссөз өткізуді ұсынған.
Украина делегациясы нкі тарап қаза тапқан әскерилердің сүйегін "6000-да 6000" формуласымен алмасуға да келіскенін айтты.
Ал Украина президенті кеңсесінің жетекшісі Андрей Ермак Ресейге "елге қайтарылуы тиіс украиналық балалардың да тізімі берілгенін" мәлімдеді.
"Ресей заңсыз депортация жасаған, күштеп алып кеткен немесе уақытша оккупацияланған аймақтарда ұстап отрған балалар жайлы айтып отырмыз" деп жазды Ермак.
РЕСЕЙДІҢ МӘЛІМДЕМЕСІ
Стамбұлдағы келіссөзге Ресейдің делегациясын Путиннің көмекшісі Владимир Мединский бастап барды. Мединский келіссөзден кейін "Ресей Украинаға 6000 офицердің мәйітін береді, ал оларда біздің 6000 офицеріміздің мәйіті бар-жоғы белгісіз" деді.
"Ауыр жараланғандар мен қатты ауырып жатқандар "бәрін бәріне" формуласымен алмастырылады. Жас солдаттар ды осы формамен алмастырылады. Тұтқын алмасу мың адамнан кем болмайды" деп мәлімдеді Мединский.
Киев пен Мәскеу ауыр жараланғандар мен ауыр дерті бар тұтқындарды жиі алмасуға келіскен.
Ресей тарабы мәйіттерді алып шығу үшін майданның кейбір тұсында атысты екі-үш күнге тоқтатуды ұсынған. Мұны екі елдің әскерилері қарастырып көрмек.
Мединский Украина тарабынан қайтарылуы тиіс балалардың тізімін алғанын растады. Ол "тізімде 339 баланың есімі бар және Ресей тізімді қарап көреді. Олардың заңды өкілі болса қайтарылады" деді.
Бұған қоса, Мединский Украинаны "балалар ұрлығы жайлы айтып пиар науқан жасап жатыр" деп айыптады.
Түркия президенті Режеп Тайып Ердоған Ресей мен Украинаның бұл келіссөзін "ғажап болды" деп бағалады әрі Анкара екі ел лидерлерінің кездесуіне ұсыныс жасайтынын мәлімдеді.
Екі тараптың кездесуі алдында Түркия сыртқы істер министрі Хакан Фиданның келіссөзде атысты тоқтату шарттары,тұтқынға түскен әскерилер мен бейбіт тұрғындарды алмасу және екі ел президенттерінің кездесуі талқыланатынын айтқан еді.
Бұл – Украина мен Ресейдің биыл Стамбұлда өткізген екінші келіссөзі. 16 мамырдағы келіссөзден соң екі тарап "1000-да 1000" формуласымен тұтқын алмасқан. Бұған қоса, атысты тоқтату үшін талаптарын тізіп, құжат ретінде тапсыруға келіскен.
ПІКІРЛЕР