Былтыр күзде Талғар қаласында қапияда кісі қолынан мерт болған Шерзат Полаттың қазасына байланысты қылмыстық іс бойынша Талдықорған қаласында өтіп жатқан сотта 3 маусымда тараптардың пікірталасы жалғасты.
Айыпталушылардың соңғы сөзі
Айыпталушы Дархан Әскентай бұл қайғылы оқиғаға Шерзат Полаттың әкесі Қаржаубай Нұрымовтың іс-әрекеті себеп болды деп мәлімдеді. Ол Нұрымовтың дүкеннен пышақ ұстап шығып, інісі Нұрғанат Ғайыпбаевты қасына шақырып алғанын айтты (Ғайыпбаев былтыр желтоқсанда өзі тұратын ауыл шетінен өлі табылған. Полиция оқиғаны суицид деп атады). "Ешкімге қол көтермедім, қолымда пышақ болған жоқ" деген Әскентай соттан жәбірленуші Қаржаубай Нұрымов жауапқа тартуды сұрады.
– Жәбірленуші Қаржаубай Шерзат марқұмға мен туралы жалған ақпарат беріп, балалар келгенде пышақ шығарып, агрессия танытпағанда, Шерзат келген балалардың біреуін ұрмағанда мұндай төбелес орын алмаушы еді. Ол жерде, құрметті сот, ерегес бастаған, адамдар тобын құрған және пышақ пен қаруды дайындаған Қаржаубайға, маған қарсы қозғалған Қылмыстық кодекстің 293-бабымен ("Бұзақылық") [жаза] тағайындауыңызды сұраймын, – деді Дархан Әскентай жарыссөз кезінде.
Тағы бір айыпталушы Нұрбол Тоқтаубаев та Нұрымовтың үстінен қылмыстық іс қозғап, оны жауапқа тартуды талап етті. Оның бауыры Азамат Тоқтаубаев қолында пышақ болмағанын айтты. Равил Сакиев те соңғы сөзінде өзіне тағылған "кісі өлтіруге оқталды" және Нұрғанат Ғайыпбаевқа пышақ жұмсап, жарақат салды деген айыптарды жоққа шығарды.
Айыпталушы Нұрқияс Ілиясов өзіне Шерзат бірінші болып қол жұмсағанын, ал Нұрғанат Ғайыпбаев топ адамға қарата мылтық атқанын айтты.
Айыпталушы Шыңғыс Белғожаев төбелес кезінде пышақтың сабымен емес, тек қолымен ұрғанын айтып, кінәсін ішінара мойындайтынын мәлімдеді.
Соттағы жарыссөз кезінде айыпталушы, кәмелетке толмаған Д. жанжалға қатыспағанын айтып, соттан өзін ақтауды сұрады.
Шерзат Полатты тікелей өлтірген деген айып тағылып отырған Абзал Шынасыл жасөспірімді өлтірген жоқпын деп мәлімдеді. Бұған дейін ол істі сотқа дейін тергеу кезінде қазір сотқа тартылып жатқан басқа қатысушылармен арада жасалған келісім бойынша адам өлтіру қылмысын мойнына алғанын айтқан.
Тоғыз айыпталушының бәрі өздерін қорғаушылардың ұстанымын қолдайтынын айтты. Олардың бірі – адвокат Жұмат Әбенов 2 маусым күнгі отырыста "Нұрымовтың қолындағы пышақ алыс-жұлыс кезінде абайсызда Полатқа қадалған болуы мүмкін деген долбарды да жоққа шығаруға болмайды" деген.
Сейсенбі күні судья Ержан Жанұзақов Шерзат Полаттың өліміне қатысты іс бойынша соттың үкімін жариялауды 5 маусымға белгіледі.
Прокурор сұраған жаза
2 маусымда өткен сот отырысында мемлекеттік айыптаушы соттан жасөспірімнің қазасына байланысты айып тағылған тоғыз адамды қылмыс жасағаны үшін айыпты деп тануды сұрады.
Прокурор Қылмыстық кодекстің "Адам өлтіру", "Адам өлтіруге оқталу" және "Бұзақылық" баптары бойынша айып тағылған Абзал Шынасылды 23 жылға; "Адам өлтіруге оқталу" және "Бұзақылық" айыбы тағылған Равиль Сакиевті – 20 жылға; "қару қолданып бұзақылық жасаған" деп айыпталған Дархан Әскентай, Шыңғыс Белғожаев, Нұрбол Тоқтаубаев және Дидар Қалиахметті – 7 жылға; "Бұзақылық" айыбы тағылған, бұрын да сотты болған Нұрқияс Ілиясовты – 9 жылға; "Бұзақылық" бабына қоса "телефон ұрлағаны" үшін айыпталып отырған және бұған дейін де сотты болып, жазасын толық өтеп бітпеген Азамат Тоқтаубаевты – 15 жылға қамауды сұрады. Ал кәмелетке толмаған Д.-ға қылмыс жайлы хабарламағаны үшін бір жарым жылға бас еркіндігінен айыру жазасын тағайындауды ұсынды.
Бұған қоса, прокурор Дана Сарсенбай соттан жәбірленушілердің материалдық және моральдық шығынды өтеу жөніндегі талап арыздарын толық көлемде қанағаттандыруды, қылмыстық іс бойынша куәгерлер Эльмира Нұрбекова мен Дана Жақсыкелдінің әрекеттерін тексеріп, оларға құқықтық баға беру үшін жеке қаулы шығаруды сұрады. Бұған дейін жәбірленуші қылмыс оқиғасы болған жерде айыпталушылармен бірге жүрген осы екі куәгерді де қылмыстық іс аясында, жасалған "қылмыс туралы хабарламау" дерегі бойынша жауапқа тартуды сұрап өтініш білдірген еді. Прокуратура Юлдаш Рузбакиев пен Арлан Қазыкенов есімді куәгерлерге де құқықтық баға беруді сұрады.
Қазақстан қоғамында резонанс туғызған қылмыстық іс бойынша сот отырысынан Қазақстанның Жоғарғы соты ұйымдастырған онлайн трансляция аптаның сәрсенбі-бейсенбі күндері көрсетіліп жүр. Соттың алғашқы күні айыпталушылар өздерін фото және видеоға түсіруге қарсы екенін айтқан.
Қоғамды дүр сілкіндірген қылмыс
Тергеу және айыптау нұсқасы бойынша, 2024 жылғы 4 қазанда Қаржаубай Нұрымовтың отбасы жалға алып отырған Талғардағы дүкенге масаң күйде келген Дархан Әскентай мен жасөспірім Шерзат Полаттың арасында жанжал шығып, Полат Әскентайды ұрып жібергеннен кейін ол достарын көмекке шақырып, аяғы жаппай төбелеске ұласқан.
Алыс-жұлыс кезінде 16 жастағы Шерзат Полатқа пышақ жұмсалып, ол құлап түскен. Жанжалға қатысушылар жерде жатқан жасөспірімді теуіп, басынан ұрған. Пышақтан өлімші болып жараланған жасөспірім қансырап, қаза болды. Талдықорғандағы сотта сөйлеген сот-медицина сараптамасының мамандары егер дер кезінде медициналық көмек көрсетілгенде, жасөспірімді ажалдан аман алып қалуға болар еді деген пікір білдірді.
Шерзаттың қазасынан кейін марқұмның отбасының үйі өртеніп, полиция ауданда күзетті күшейткен. Оған дейін Шерзаттың туыстары әкімдік алдына жиналып, тергеуді ашық әрі әділ жүргізуді талап еткен.
Талғардағы бұл қылмыстық оқиға өлімі қоғамда үлкен резонанс тудырды. Кейін жергілікті бірнеше шенеунік қызметінен босатылды. Алматы облысы прокурорының орынбасары Саян Бақыров пен Талғар ауданының прокуроры Ескендір Бекманов "қадағалау жұмысындағы елеулі олқылықтары үшін" қызметтен алынды. Талғар қаласының әкімі Бақыт Күнішбеков пен оның орынбасары Сағындық Матан да "қызмет міндеттерін тиісті деңгейде атқармағаны үшін" лауазымынан босатылды. Талғар ауданы әкімі аппаратының басшысы Аслан Қасымбаев та қызметінен алынды.
ПІКІРЛЕР